Дауыс беру күні елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов дауыс берудің қалай ұйымдастырылатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің сөзінше, дауыс беру еліміз бойынша 10 423 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанында 79 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Дауыс беру таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар кейбір учаскелерде, мысалы, әскери бөлімдерде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, вахталық кенттерде, демалыс үйлерінде, санаторийлер мен ауруханаларда және тағы басқа жерлерде учаскелік комиссия тізімге енгізілген азаматтардың барлығы дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беруді кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.
Дауыс беруге арналған үй-жайда болатын адамдар учаскелік сайлау комиссиясы белгілеген қағидаларды қатаң сақтауға міндетті. Тиісті учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайда бір мезгілде болатын азаматтардың санын реттейді, тәртіпке жауапты болады.

Еске салсақ, сайлауға бір апта қалғанда партиялар өңірлердегі және қоғамдық кеңістіктегі белсенділігін арттыруды жалғастырып жатыр.