Референдум-2026

Түркістанда инвестициялық жоба аясында 2 мың тонна қызанақ өндірілді

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Түркістанда инвестициялық жоба аясында 2 мың тонна қызанақ өндірілді
Фото: Magnific.соm

Түркістанда инвестициялық жоба аясында былтыр 6,25 гектар аумаққа «Климон F1» қызанақ сортының көшеті отырғызылып, кәсіпорын алғашқы кезеңде 2 мың тонна қызанақ өндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жоба заманауи агротехнологияларды қолдана отырып жүзеге асырылуда. Оның ішінде тамшылатып суару жүйелері және су мен энергия ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануға бағытталған шешімдер қарастырылған.

«Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің құрылысы жалғасуда. 2026 жылдың күзінде тағы 37,5 гектар жылыжайды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, жыл соңына дейін жобаның бірінші кезеңі аясында іске қосылған өндірістік қуаттардың жалпы аумағы 50 гектардан аспақ.Кешен толық іске қосылғаннан кейін жылына 27 мың тонна қызанақ өндіріледі», - делінген хабарламада. 

Бұл ішкі нарықтағы отандық көкөніс өнімдерінің көлемін, оның ішінде маусымаралық кезеңдегі ұсынысты едәуір арттыруға, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның бірінші кезеңіне салынған инвестиция көлемі 42 млрд теңгені құрайды. Өңір тұрғындары үшін 130 тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешен толық жобалық қуатына шыққаннан кейін жұмыс орындарының саны 1 мыңнан асады деп күтілуде.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда майлы дақылдардың егіс алқабы 30% ұлғайғаны туралы жаздық.