Қазақстанда 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды

7 қазан, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Облыстар әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындады. Бұл алдағы қысқы қора-жай кезеңіне жоспарланған көлемнің 103,6%-ын құрайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, 26,7 млн тонна шөп әзірленді, бұл жоспардың 104,1%-ы. Сондай-ақ 2,4 млн тонна пішендеме (102,5%), 2,8 млн тонна сүрлем (99,4%), 4,8 млн тонна сабан (102%) және 4,6 млн тонна құнарландырылған жем (80,6%) дайындалды.

Жемшөптің негізгі түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы қосымша қор қалыптастыруға және алдағы қысқы қора-жай кезеңінде мал шаруашылығы кәсіпорындарының ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп беруіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шаруашылықтарда өткен жылғы қыстық кезеңнен қалған жемшөп қоры бар.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қосымша жемшөп ресурстарымен қамту мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы алдағы қысқы кезеңге астықтың жемдік қорын әзірледі. Қажет болған жағдайда ол резервтік ресурс ретінде пайдаланылады», - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанда астық жинау 83 пайызға аяқталғаны туралы жаздық.