Референдум-2026

Елімізде жеті айда 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін, 11:09
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде жеті айда 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Биыл елімізде 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе шамамен 188 мың тұрғынжайды пайдалануға беру жоспарланған. Жеті айының қорытындысы бойынша 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 92,3 мың тұрғынжай пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспардың 47,5%-ы орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. 

Жаңа тұрғын үй салумен қатар, азаматтарды мемлекеттік қолдау шаралары да іске асырылуда. Биыл 155,5 млрд теңгеге 12 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу көзделген. Сонымен қатар, 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалдамалы тұрғын үй сатып алу жоспарлануда.

Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары бойынша жыл басынан бері азаматтарға 2–5% мөлшерлемемен жалпы сомасы 72,7 млрд теңгеге 5,1 мың қарыз берілді.

Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 339,2 млрд теңгеге 11,5 мың қарыз берілген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздің өңірлерінде тұрғын үй салу және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін іске асыру жұмыстары жалғасатынын айтты. 

Еске салайық, бұған дейін елімізде тұрғын үйді есепке алу және бөлу үшін жаңа портал іске қосылғаны туралы жаздық.