Астананың Есіл ауданындағы Сауран көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шықты. ТЖМ құтқарушылары өртті толық сөндіріп, ғимараттан 17 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт бірінші қабаттағы ателье бөлмесінен шыққан. Алғашқы бөлімшелер келген кезде нысан ішінде ашық жалын мен қою түтін болған.

Өрт сөндірушілер жедел түрде жұмыс жүргізіп, үш буынды саты мен автосатының көмегімен жоғарғы қабаттардағы тұрғындарды эвакуациялады. Барлығы 17 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды.

Өрттің аумағы 50 шаршы метрді құрады. Құтқарушылардың жедел әрекеті нәтижесінде өрт толық сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Астанада құтқарушылар көпір доғасына шыққан ер адамды аман алып қалғаны хабарланған еді.