Қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуалы, жас ұрпаққа қандай кітап оқу керектігі және ұлттық әдебиетті әлем әдебиетімен сабақтастыру мәселесі – қаламгер Алдан Смайыл көтерген өзекті тақырыптардың бірі. Оның пікірінше, қазіргі қазақ әдебиеті заман талабына ілесе алмай келеді. Сондықтан жас ақын-жазушылардың уақыт көшінен қалмауына жағдай жасау қажет, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Менің ойымша, қазіргі қазақ әдебиеті уақыттан қалып қойды. Қазір біз жас ақын-жазушыларды сол уақыттан қалмауға үйретуіміз керек. Сондай-ақ, қазір кітап оқитын ұлт қалыптастыру мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл ретте оқырманға қандай әдебиетті ұсыну керектігіне мән беру қажет. Бұрынғы әдеби мұраның барлығын бірдей оқырманға ұсыну міндет емес. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды іріктеп, жүйелеу керек», - деді Алдан Смайыл.
Оның пайымынша, ұлттық әдебиетке деген алғашқы қызығушылық халық ертегілерінен басталуы керек.
«Ең біріншіден, балаға ертегіні оқыту керек. Біз ертегі тыңдап өстік. Ертегі арқылы сен өзіңнің халқыңның жан дүниесін біле бастайсың. Одан кейін Батырлар жырын оқыту қажет. Өйткені онда патриотизм, ұлтжандылық, ерлік секілді ұғымдар бар. Келесі кезекте жыраулар поэзиясына ден қою керек. Бұқар, Доспамбет, Асан қайғы, Шал, Үмбетей шығармаларында қазақ тілінің байлығы мен ұлттық дүниетанымның терең қабаттары жатыр. Қазақ тілінің маржаны соның ішінде. Оны оқымай сен қазақ тілін қалай білесің? Онда сұмдық ойлар бар. Одан кейін Махамбетті, Алаш арыстарының шығармаларын оқу керек. Алаш зиялыларының еңбектерін оқу арқылы жас ұрпақ қазақтың тарихи санасын, ұлтқа қызмет етудің үлгісін тереңірек түсіне алады. Одан кейін барып Абайды оқыса болады», - дейді қаламгер.
Сонымен бірге Алдан Смайыл ұлттық әдебиетпен ғана шектелуге болмайтынын ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, жас оқырман әлем әдебиетін де қатар меңгеруі керек. Қаламгер бұл ойына Абай бастаған қазақ зиялыларының өзге әдебиеттерден үйренгенін мысал етеді. Оның айтуынша, Абай, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев секілді тұлғалар әлем әдебиетімен таныс болған. Ахмет Байтұрсынұлының да Абай туралы мақаласында ақынның шетел әдебиеттерін меңгеруінің маңызы айтылғанын еске алады.
Сондықтан оның ойынша, жас ұрпақ қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар шетел әдебиетінің көрнекті өкілдерін, соның ішінде Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын да оқуы керек.
«Оларды оқымаса, ертең әлемдік деңгейдегі ақын, жазушы бола алмайды», – дейді Алдан Смайыл.