Референдум-2026

Астананың 30 жылдық шежіресі архив көрмесінде таныстырылды

Астананың 30 жылдық шежіресі архив көрмесінде таныстырылды
Фото: Ернұр Сағымбек

Астана қаласының Мемлекеттік архиві елорданың 30 жылдығына орай «Тарихтан тағылым, бүгінге тағзым, болашаққа бағдар» атты фото-құжаттық көрме ұйымдастырды. Көрме «Tarlan Astana-ның» «Бәйтерек» стансасында өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Көрме архив қорларында сақталған тарихи құжаттар мен фотоматериалдар арқылы Астананың қалыптасуы мен даму тарихын таныстыру, елорда тарихына деген қызығушылықты арттыру және тарихи мұраны насихаттауды мақсат етті. Көрме атауының өзі үш кезеңнің арасын жалғап тұр. «Тарихтан тағылым», «Бүгінге тағзым», «Болашаққа бағдар» атты бөлімдерде Астананың қалыптасу кезеңі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы, қазіргі келбеті мен болашақ бағыты қамтылды.

«Астана: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы бұл көрмені Астана қаласының 30 жыл толуына орай ұйымдастырып отырмыз. Көрмеде қаланың 30 жылдық тарихымен ғана шектелмей, оның негізі қаланған кезеңнен бастап болашақ дамуына да ерекше назар аудардық. Көрмені «Tarlan Astana-да» өткізгендіктен мұнда келетін қала тұрғындары мен қонақтары Астананың тарихымен жақынырақ таныса алады. Біздің басты міндетіміз – тарихты сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Өйткені бүгінгі күннің өзі ертеңгі тарих. Осы мақсатта Астана қаласының мемлекеттік архиві үш негізгі бағытта жұмыс істейді. Олар – құжаттардың қалыптасуын қамтамасыз ету, қабылданғаннан кейін олардың сақталуын ұйымдастыру және құжаттарды ғылыми әрі қоғамдық мақсатта пайдалануға ұсыну. Бізге алыс-жақын шетелдерден де Астана қаласының тарихына қатысты көптеген сұраныстар бар. Жыл сайын елорда тарихына байланысты 10 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Сондықтан бұл көрмеде Астананың тарихын танытып, қала өміріндегі айтулы кезеңдерді бір жерге топтастырып, тұрғындар мен қонақтарға ұсынуды мақсат еттік», – деді Астана қаласының Мемлекеттік архиві директорының орынбасары Ардақ Мұқашқызы.

Көрме барысында Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жанынан құрылған «Атамекен» ұжымы өнер көрсетті.

«Біз бүгінгі көрмеге қатысып, өнерімізді көрсетуге келдік. Көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Көрме арқылы Астананың тарихы мен қалыптасу кезеңі туралы мол мағлұмат алдық. Біздің репертуарымыз негізінен халық, классикалық және патриоттық әндерден тұрады. Бүгін көрермендерге «Атамекенді» және Отан тақырыбындағы әндерді шырқадық. Сонымен қатар репертуарымызда Абайдың шығармалары мен Шәмші Қалдаяқовтың әндері де бар. Осындай мәдени шаралар арқылы ұлттық құндылықты дәріптеп, тарихи сананы нығайтуға үлесімізді қосып келеміз», – деді «Атамекен» ансамблінің жетекшісі Жанат Боранқұлова.

Фото-құжаттық көрме елорданың қалыптасу жолын архив деректері арқылы таныстырып, Астананың өткені мен бүгінін, келешегін жалғайды. Сондай-ақ іс-шара тарихи мұраны сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын көрсетті.

Еске сала кетсек, елорда гидтері экскурсияларына қаланың архив деректерін пайдаланады.