Референдум-2026

Конституциялық сотта адам құқықтарын қорғау мәселесіне арналған кездесу өтті

Конституциялық сотта адам құқықтарын қорғау мәселесіне арналған кездесу өтті
Фото: Конституциялық Сот

Қазақстан Конституциясының күшіне енген күніне орай Конституциялық сотта Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі мен Ұлттық превентивтік тетіктің өңірлерден келген мүшелеріне арналған экскурсия және кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қатысушылар конституциялық бақылау институтының қалыптасу тарихымен, Конституциялық соттың қызметімен, конституциялық сот ісін жүргізу тетіктерімен және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерімен танысты. Сондай-ақ олар Конституциялық соттың музейін аралады.

Кездесуде Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова сөз сөйлеп, жиынның Конституцияның күшіне енген күні өтіп отырғанының символдық мәні зор екенін атап өтті.

«Ата Заң адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде орнықтырып, құқықтық мемлекетті одан әрі дамытудың берік негізін қалайды», – деді Эльвира Азимова.

Кездесу барысында Конституциялық сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының өзара іс-қимылының маңызына ерекше назар аударылды. Конституцияға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие субъектілердің бірі саналады. Сонымен қатар Уәкіл аппаратының өкілдері азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құқықтық қорытындылар ұсынып, конституциялық іс жүргізуге қатысады.

Қатысушыларға Конституциялық соттың тәжірибесі туралы да мәлімет берілді. Бүгінге дейін аяқталған 87 конституциялық іс жүргізудің елеулі бөлігі қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты болғаны айтылды.

Осыған байланысты «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл +» («УПЧ+») моделі аясында жұмыс істейтін Ұлттық превентивтік тетік мүшелеріне жабық мекемелерде ұсталатын азаматтардың құқықтарын қорғау барысында Конституциялық соттың нормативтік қаулыларын басшылыққа алу ұсынылды.

Кездесу қорытындысында өңірлерден келген өкілдер Конституциялық сотпен практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, құқықтық ұстанымдармен алмасу адам құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға, конституциялық мәдениетті қалыптастыруға және құқықтық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді.

Іс-шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Конституциясының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі арнайы басылымдары табысталды.

Бұған дейін жаңа Конституцияның қолданысқа енуіне орай Конституциялық сотта ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.