ITMLab командалары инклюзивті технологияларды әзірлеу бағдарламасының келесі кезеңіне өтті

Бүгін, 12:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ITMLab командалары инклюзивті технологияларды әзірлеу бағдарламасының келесі кезеңіне өтті
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ITMLab 3.0 жобасының үшінші маусымы аясында хакатон өткізілді. Бұл – әзірлеушілерді, стартаперлерді, студенттерді және инклюзия саласындағы сарапшыларды біріктіріп, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Биыл хакатонға қатысу үшін 500-ден астам өтінім келіп түсті. Қатысушылардың географиясы Қазақстанның түрлі қалалары мен өңірлерін қамтыды. Іс-шара De Montfort University Kazakhstan алаңында (Алматы қ.) гибридті форматта ұйымдастырылып, Қазақстанның барлық өңірінен дарынды қатысушыларды тартуға мүмкіндік берді.

ITMLab 3.0 инклюзивті стартаптарды дамытуға арналған тұрақты экожүйе қалыптастыруды көздейді. Жоба идея авторларына менторлық қолдау, сараптамалық сүйемелдеу және нақты пайдаланушылармен тестілеу арқылы өз прототиптерін толыққанды жұмыс істейтін MVP деңгейіне дейін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Биылғы маусымда командалар қолжетімді білім беру, коммуникация және навигация салаларындағы жасанды интеллект құралдарынан бастап, медициналық оңалту, скрининг, қауіпсіздік және көру, есту, тірек-қимыл аппараты, сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ когнитивтік ерекшеліктері бар адамдарға арналған ассистивтік технологияларға дейінгі түрлі шешімдерді ұсынды.

Жобаларды бағалау үшін ҚР ЕХӘҚМ, бизнес қауымдастықтың және академиялық ортаның өкілдерінен құралған сарапшылар алқасы құрылды.

Хакатон қорытындысы бойынша жобаның келесі – трекинг кезеңіне өтетін 21 команда анықталды. Алдағы 8 апта бойы қатысушылар трекерлердің жетекшілігімен өз шешімдерін жетілдіріп, оларды нақты пайдаланушылармен тестілеуге дайындайды және прототиптерін әлеуетті инвесторлар мен мемлекеттік сектор өкілдеріне таныстырады. Ең үздік жобалар өз идеяларын іске асыру үшін гранттық қолдау алу мүмкіндігіне ие болады.

«Біз үшін ІТ-әзірлемелердің тек прототип деңгейінде қалып қоймауы маңызды. ITMLab жобасы жас өнертапқыштардың идеяларын мүгедектігі бар адамдардың қоғамға және кәсіби ортаға толыққанды кірігуіне көмектесетін нақты құралдарға айналдыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жыл басынан бері агрегаторлар арқылы инватаксиге 172 мыңнан астам тапсырыс берілгені туралы жаздық.