Абай облысында есірткіні тасымалдау үшін құрбысын алдап пайдаланған жасөспірім сотталды
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, психотроптық заттарды ірі және аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу бойынша айыпталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сот 2025 жылы Семей қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны «Telegram» мессенджерін пайдалана отырып, жеке басы анықталмаған тұлғамен хат алмасуға түсіп, есірткі курьері ретінде «жұмыс» істеуге келіскенін анықтады. Ол тығылған орындардың координаттарын алып, сол жерлерден психотроптық заттарды алып, оларды бөліп-қаптап, кейін өткізу үшін басқа орындарға орналастырып, «кураторға» есеп беріп отырған.
Сонымен қатар осындай схема бойынша әрекет ете отырып, А. «куратордан» психотроптық заттың жасырылған орнының координаттары мен фотосуреттерін алған. Серуендеу сылтауымен ол таныс кәмелетке толмаған қызды өзінің қылмыстық ниеті туралы хабардар етпей, көрсетілген жерге бірге барған. Кейіннен, бір сәтке кету қажеттігін алға тартып, қараусыз қалған ғимараттан «α-PVP» психотроптық затын аса ірі мөлшерде алып, оны барсеткаға салып, танысын жаңылыстырып, барсетканы оның иығына іліп қойған. Кейін таксимен жүріп келе жатқан кезде кәмелетке толмағандар полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Сот сотталушының кәмелетке толмаған жасын, жасаған ісіне өкінуін, қылмыстың ашылуына белсенді түрде жәрдемдесуін және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді. Сонымен қатар, жасалған әрекеттердің ауырлығын және олардың жоғары қоғамдық қауіптілігін назарға ала отырып, сот сотталушыны қоғамнан оқшауламай түзету мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Сот үкімімен кәмелетке толмағанға кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот ата-аналар мен заңды өкілдердің балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқына, олардың араласатын ортасына, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенділігіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді. Курьерлік жұмыс түріндегі «оңай табыс» уәделері қылмыстық топтар тарапынан кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тарту үшін жиі пайдаланылады.
Жасөспірімдер мұндай «жұмысқа» қатысудың нақты бас бостандығынан айыру мерзімдерін қоса алғанда, ауыр құқықтық салдарға әкеп соғатынын және олардың болашағына, денсаулығына әрі жақындарының тағдырына қайтымсыз әсер етуі мүмкін екенін есте ұстауы тиіс.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.