04.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Елорданың Қоғамдық кеңесі мүшелері инклюзивті білім беру нысандарын аралады

|
Photo: Оңалхан Өнерхан
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Елорданың Қоғамдық кеңесі мүшелері инклюзивті білім беру нысандарын аралады

|
Photo: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері білім беру ұйымдарын аралады. Аралау барысында олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайлармен танысып, педагогтер мен ата-аналардың пікірін тыңдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ең әуелі олар қала әкімдігінің №89 «Қыз Жібек» балабақшасына барып, ондағы педагогтермен және білім алушы балалармен кездесті. Балабақша меңгерушісі Жанар Ізтөлеуқызы мекеменің жұмысын таныстырды.

«2016 жылы жұмысын бастаған біздің балабақшада бүгінде 285 бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда екі коррекциялық және алты инклюзивті топ бар. Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған түзету топтарының әрқайсысына 12 баладан қабылданған. Сонымен қатар инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді, ол жерге педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен 5 бала қатысады. Алты инклюзивті топта ерекше білім беру қажеттілігі бар 15 бала тәрбиеленуде, әр топта 2-3 баладан. Олармен дефектологтар, логопедтер, психологтар және педагог-ассистенттер жұмыс істейді», – деді ол.

Оның айтуынша, педагог-ассистенттер балаларға күні бойы қамқорлық жасап, олардың көңілкүйін бақылап, оқу мен ортаға бейімделуіне көмектеседі. Кураторлар әдістемелік қолдау көрсетеді, ал мамандар балалардың даму бағдарламаларын бірлесіп, жеке әзірлейді. Балабақшада әр баланың ерекшелігі ескеріліп, жан-жақты дамуына және мектепке бейімделуіне барлық жағдай жасалған.

Одан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласы әкімдігінің №96 мектеп-гимназиясына барды. Аталған білім ордасы 2023 оқу жылында пайдалануға берілген, қазіргі уақытта мұнда 2190 оқушы екі ауысымда білім алады, оның ішінде 77 бала - инклюзивті білім алушы. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді және жайлы орта жасалған. Мектепте дефектолог, логопед, психолог кабинеттері мен емдік дене шынықтыру бөлмелері жұмыс істейді. Балалармен жеке және топтық сабақтар өткізіліп, бос уақытта түрлі үйірмелер мен секциялар - ансамбль, қолданбалы өнер және аспаздық сабақтары ұйымдастырылады.

Мониторинг тобының соңғы нысаны Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі болды. Мұнда олар оқу орнының инклюзивті бағыттағы жұмысы мен студенттердің тәжірибелік сабақтарын көріп, ерекше білім беру қажеттілігі бар жастардың кәсіби даярлығын бағамдады. Сондай-ақ аутистік спектр бұзылыстары бар балаларды оқыту тәсілдері мен олардың кейін еңбекке орналасу мәселесі де талқыланды.

Колледж қызметінің басты бағыттарының бірі – кедергісіз орта қалыптастырып, барлық студентке, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар жастарға, тең мүмкіндік пен сапалы кәсіби білім алу жағдайын жасау. Мұнда оқу бағдарламалары инклюзивті білім берудің мемлекеттік стандартына сай бейімделіп әзірленген. Аталған колледж – елімізде инклюзияны пилоттық жоба ретінде енгізген алғашқы оқу орны. 2024-2025 оқу жылында мұнда ерекше білім алушыларға арналған екі жаңа топ ашылған. Оның бірі – «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығы бойынша, екіншісі – «Нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдер өндірісі» бағыты бойынша. Бұл бастама ерекше студенттердің кәсіби білім алып, болашақта өз мамандығы бойынша еңбек етуіне жол ашпақ.

Мониторинг тобы айтылған барлық ұсыныстар мен ескертпелерді назарға алып, оларды Қоғамдық кеңестің отырысында талқылап, мәслихатқа жолдау туралы шешім қабылданатынын айтып өтті.

«Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім беру орталықтарының санын арттыру – уақыт талабы. Бұл тек жаңа нысандар ашу ғана емес, ең алдымен оларды ортақ бір жүйеге, бірыңғай стандартқа келтіру маңызды. Әрине, мұндай орталықтарға спортзалдарын бөлу, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны нығайту – өз алдына бөлек мәселе. Алайда ең бастысы – заңнамалық және нормативтік талаптарды инклюзивті білім берудің ерекшеліктеріне бейімдеу қажет. Сондай-ақ педагогтердің кәсіби даярлығы мен біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту де аса өзекті. Себебі инклюзивті білім беру тек инфрақұрылыммен шектелмейді, ол – мамандардың адами және кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты сала. Осы бағыттағы барлық мәселелерді кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешу арқылы ғана ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды араласуына нақты жағдай жасауға болады», – деді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Әлеуметтік саясат мәселелерін іске асыру саласында азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру жөніндегі комиссияның төрағасы Кәрімбек Құрманәлиев.

Шапағат ӘБДІР

 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗