Еліміздің ұлттық парктері мен қорықтарына 1000-нан астам арнайы техника берілді
ҚР Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ 2024 жылдан бүгінгі күнге дейін мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, орман резерваттарын, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелерін заманауи арнайы техникамен қамтамасыз етуге кәдеге жарату төлемдері есебінен 33 121 711 000 теңге бағыттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Осы кезеңде табиғат қорғау ұйымдары үшін орман және дала өрттерінің алдын алуға әрі оларды жедел сөндіруге арналған 1 006 бірлік заманауи арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын автокөліктер, түрлі үлгідегі тракторлар және орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға қажетті өзге де арнайы техникалар бар.
Табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту олардың өрт қаупі жоғары кезеңге дайындығын арттыруға, өрт ошақтарына ден қою уақытын қысқартуға және табиғи өрттермен күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қаржыландырудың ең жоғары көлемі мына өңірлерге бағытталды:
- Шығыс Қазақстан облысы — 5,05 млрд теңге, 148 бірлік техника;
- Ақмола облысы — 4,94 млрд теңге, 160 бірлік техника;
- Павлодар облысы — 4,44 млрд теңге, 136 бірлік техника;
- Қостанай облысы — 4,10 млрд теңге, 112 бірлік техника;
- Абай облысы — 3,34 млрд теңге, 82 бірлік техника;
- Солтүстік Қазақстан облысы — 3,31 млрд теңге, 107 бірлік техника.
«Бүгінде жеткізілген техника еліміздің барлық өңіріндегі табиғат қорғау мекемелерінде белсенді пайдаланылып келеді. Ол өрт сөндіру бөлімшелерін өрт ошақтарына жедел жеткізуге, аумақтарды патрульдеуге, сондай-ақ орман өрттерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі өзге де жұмыстарды тиімді орындауға мүмкіндік береді. «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, орман экожүйелерін сақтауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған экологиялық жобаларды іске асыруды жалғастыруда», - деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, әскери техниканың қозғалысына байланысты тұрғындарға ескерту жасалды.