Елімізде жасанды интеллект негізіндегі виртуалды кен орнының моделі іске қосылды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, кен орындарының цифрлық телнұсқаларын енгізу жобасын іске қосты. Пилоттық алаң ретінде «Ембімұнайгаз» компаниясының Шығыс Молдабек кен орны таңдалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Цифрлық телнұсқа – өндірістік процестерді талдауға, өндіру көрсеткішін болжауға және барынша тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі виртуалды кен орнының моделі.
Бүгінде «KMG Digital», «ҚМГ Инжиниринг» компанияларының және технологиялық серіктестің қатысуымен Upstream блогының операциялық моделіне, бизнес-процестерге және IT-инфрақұрылымы зерттеліп жатыр. Жобаның бірінші кезеңі ҚМГ-ның корпоративтік орталығын, «ҚМГ Инжиниринг» және ЕМГ компанияларын қамтиды. Шілде айында осындай жұмыс «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-нда жалғасады.
Жалпы, цифрлық телнұсқаларды «ABAI» ақпараттық жүйесі базасында ҚМГ компаниялар тобының 12 ірі кен орында енгізу жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде:
кен орындарын игеру тиімділігін арттыру,
өндіріс шығындарын қысқарту,
мұнай алу коэффициентін ұлғайту,
өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру көзделген.
Еске сала кетсек, Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауыты салынады.