Digital Archive EXPO: Астанада архив саласындағы жасанды интеллект жобалары таныстырылды

10 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Digital Archive EXPO: Астанада архив саласындағы жасанды интеллект жобалары таныстырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада III халықаралық архившілер конгресі аясында ұйымдастырылған Digital Archive EXPO көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Көрмеде Қазақстан Республикасы Президентінің архиві архив ісінің тиімділігін арттыруға және құжаттық мұраға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған цифрлық әзірлемелерін таныстырды.

«Ең маңызды жобалардың бірі – архив қоймаларын басқаруға арналған интеллектуалды платформа AI Geotopography жүйесі. Бұл шешім архив қорларының цифрлық картасын жасап, істерді QR-код арқылы таңбалау негізінде олардың орналасу топографиясын қалыптастыруға және архив қоймаларының техникалық паспорттарын автоматты түрде әзірлеуге мүмкіндік береді. Жүйе нақты уақыт режимінде температураны, ылғалдылықты, қоймалардың толу деңгейін және өзге де көрсеткіштерді бақылап, құжаттарды сақтау жағдайындағы ауытқуларды анықтап, оларды жою жолдарын ұсынады. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы архив саласына арналған баламасы жоқ бірегей шешім», делінген хабарламада. 

Сондай-ақ көрмеде қазақ және орыс тілдеріндегі қолжазба және машинкамен терілген құжаттарды автоматты түрде тануға арналған AI Archival Recognition System жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе құжаттардың деректемелері мен ақпараттық өрістерін анықтап, құрылымдалған деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің мәліметінше, аталған технологияны енгізу құжаттарды өңдеу жылдамдығын 40 есеге арттырған.

Архив материалдарына қолжетімділікті кеңейту мақсатында AI Mura – Virtual Guide виртуалды гиді әзірленген. Жүйе пайдаланушылармен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде диалог жүргізіп, сұрақтарға тек архивтік деректер негізінде жауап береді.

Бұдан бөлек, көрмеде құжаттардың тарихи және ғылыми құндылығына сараптама жүргізуге арналған интеллектуалды көмекші QuralAI Assistant таныстырылды. Жүйе құжаттарды бастапқы талдауды және сараптамалық қорытындылар дайындауды автоматтандыруға көмектеседі. Дегенмен соңғы шешімді архив саласының маманы қабылдайды.

Ұсынылған барлық цифрлық шешім архив саласының нақты қажеттіліктері негізінде әзірленіп, кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Әзірлеушілердің сөзінше, жасанды интеллект архившіні алмастыру құралы емес, мамандардың жұмыс тиімділігін арттырып, күнделікті қайталанатын операцияларға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік беретін көмекші құрал ретінде қарастырылады.

Еске салсақ, Президент 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясын бекітті.