Астанада өтіп жатқан «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне Қазақстанның 20 өңірінен 50 финалист қатысып, өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеде табиғи тағамдар, қолөнер бұйымы, тоқыма, косметика және ауыл шаруашылығы инновациялары ұсынылған.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2021 жылдан бері «Жергілікті ресурстардан өнім өндірушілерді қолдау» бағыты бойынша іске асырылып келеді. Оның мақсаты – жергілікті шикізаттан өндірілген өңірлік өнімді анықтап, дамыту. Оны ілгерілете отырып, ауылдағы өндірушілерді қолдау, ішкі және халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу.

Бүгінгі таңда жоба – кәсіпкерлікті қаржысыз қолдаудың басты құралының бірі. Ол жыл сайын бюджеттен қаржыландырылады. Консультациялар, өңірлік көрмелер, қатысушыларды оқыту өткізіліп, өнім түрі айқындалады. Сондай-ақ тауарлар маркетингі жүргізіледі.
«Жоба халықаралық тәжірибеге сүйеніп, іске асырылуда. Елдік ерекшелік те ескеріледі», – деді Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев.
Оның айтуынша, биыл жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 181,7 млн теңге бөлінген. Ал 2024 жылы жоба жаңа ағаш өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі (түйе сүті, қымыз, бал, жент, шөптер, жаңғақтар), косметология және сүт өңдеу бағыттарын қамтыған. Көрме Қазақстанның 20 өңірінде өткізілген. 805 өндіруші қатысып, жұмыс тобы 210 өнім түрін іріктеген.

Министрліктің мәліметінше, осы жобаның нәтижесінде қатысушылар 57 жаңа бизнес субъектісін ашып, 5 млн теңгеден жалпы сомасы 229,8 млн теңгеге дейін гранттар алған. 2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 1 058 клиентке 1 118 кеңес берілді.

2025 жылдың наурызында Қазақстанның 14 өңірінен финалистер Астанадағы «Наурыз базары» жәрмеңкесінде 2 тоннаға жуық өнім - бал, тәттілер, сүт өнімін, ысталған және кептірілген деликатес, шөп шай мен бұлақ суын ұсынды.
«Жоба ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік ашып, өңірлік экономиканы нығайтуға септігін тигізуде. 2025 жылғы наурызда 2023-2024 жылдардағы БАБӨ жобасының финалистері Токиодағы FOODEX JAPAN 2025 халықаралық көрмесіне қатысты. Осында қазақстандық бал мен Алтай шайына қызығушылар көп болды. Қызылорда облысынан келген бал «Жапонияның үздік балы» байқауына қатыспақ. 2025 жылғы 8 қазанда Алматыда Жасыл базарда алғашқы тұрақты сауда алаңы – «Nomad Bazaar» ашылды. 50 м2 алаңда отандық өндірушілердің өнімі қойылған. Жақын арада онлайн сатылымдарды және жеке веб-сайтты іске қосу жоспарлануда. «Nomad Bazaar» Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша орынға айналды. Онда Орталық Азияның бірыңғай брендімен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және отандық тауарды ілгерілетуге ықпал ететін өңірлік өнімдердің үздік үлгілері ұсынылған», - делінген министрліктің хабарламасында.

Көрмеде ұлттық қолөнерді дамытып жүрген ауыл шеберлеріне ерекше назар аударылады.
«Менің негізгі кәсібім – қолдан бұйым жасау және тері өңдеу. Мұның бәрі – ауылымыздың өнімі. Мысалы, мен теріні сүтке илеймін. Осының арқасында өнім экологиялық таза. Сондай-ақ ат әбзелін, қамшы, торсық, тұрмыстық, мал шаруашылығына қажетті басқа да заттарды жасаймын. Сонымен қатар ағашпен, сүйекпен және темірмен жұмыс істеймін. Менің мақсатым – ата-баба дәстүрін жас ұрпаққа үйрете отырып, ұлттық қолөнерімізді сақтап, дамыту», - деді Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданынан жобаға қатысушы Нұржан Есхожин.

Көрмеге қатысушылар арасында Семей қаласынан келген Оксана Каливошкина қазақы ұлттық тағам түріндегі сәндік сабын жасайды.
«Мен бұл іспен төрт жылдан бері айналысып келемін. Ал БАБӨ жобасы үшін ұлттық тағам түріндегі сабын жасадым. Бұл біздің дәстүрімізді көрсететін ерекше өнім. Сабындарым палау, ірімшік, лағман, чак-чак, шай құйылған пиала, кептірілген жеміс түрінде жасалуда. Ұлттық тағамдардан басқа, десерт түрінде де бар: круассандар, торттар, жемістер, рахат-лукум. Сабын жоба аясында ашылған Семей қаласындағы дүкенде, сондай-ақ Алматыдағы Жасыл базарда бар. Биыл мен жобаның жеңімпазы болдым. Өз жұмысымды Астанадағы көрмеде ұсынғаныма қуаныштымын», - деді ол.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді және шығармашыл кәсіпкерлерді біріктіріп, жергілікті өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын құруға және қазақстандық өнімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді.