Қазақстанда балаларға бірегей нейрохирургиялық операциялар жасалып жатыр
Алматыда 20-дан астам елден келген жетекші мамандардың қатысуымен International Society for Pediatric Neurosurgery ұйымының «Балалар нейрохирургиясы патологияларына пәнаралық тәсіл» атты халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум аясында сарапшылар үздік халықаралық тәжірибелермен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, заманауи емдеу хаттамаларын жергілікті тәжірибеге бейімдеуді көздеуде.
Конференция барысында Charité – Universitätsmedizin Berlin клиникасынан келген жетекші нейрохирургтың қатысуымен шеберлік сабақ өтіп жатыр. Практикалық бөлімде мидың қолжетімсіз ісіктері бар екі балаға ота жасалуда.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде балаларға медициналық көмектің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Қазіргі таңда жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 82 түрі қолжетімді, жыл сайын 17 мыңнан астам нейрохирургиялық операция жасалады. Соңғы жылдары жоғары технологиялық көмектің көлемі үш еседен астам артқан. Медициналық практикаға нейронавигация, нейромониторинг, эндоскопиялық және аз инвазивті әдістер, сондай-ақ «гамма-пышақ» технологиясы енгізілуде.
№2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров бұл конференцияның Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, оның саланың дамуына серпін беретінін айтты.

Конференцияның негізгі тақырыбы – пәнаралық тәсіл. Бұл әдіс ми ісіктері, дәріге көнбейтін эпилепсия, туа біткен spina bifida сияқты ауруларды емдеуде кеңінен қолданылады.
Іс-шара аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар тәжірибе алмасу мен заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Бұған дейін Ақтөбеде 13 балаға күрделі жүрек отасы жасалғанын жаздық.