Қасым-Жомарт Тоқаев Defense Tech жобасымен танысты
Мемлекет басшысына Defense Tech қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы инновацияларды қолдау орталығы көрсетілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қолға алған Defense Tech жобасы таныстырылды.

Defense Tech бастамасы Қарулы Күштердің және ұлттық қауіпсіздік жүйесінің қажеттілігі үшін отандық технологиялық шешімдерді анықтау, іріктеу және жедел дамыту жөніндегі инновациялық экожүйе құруды көздейді.
Жоба аясында инновациялық командалармен және ғылыми-техникалық ұйымдармен тұрақты жұмыс механизмі қалыптасады.

Astana Hub алаңында Defense Tech үйлестіру кеңсесі ұйымдастырылған. Бұл Қорғаныс министрлігі, технологиялық кәсіпкерлер, ғылыми ұйымдар және индустриалдық серіктестер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Бастаманы ілгерілету аясында Алматыдағы Армия Үйі базасында мультифункциональды инновациялық хаб – Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығы ашылды.
Мұнда отандық ІТ компаниялар мен стартап командалардың қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы озық технологиялық шешімдері мен перспективті әзірлемелері ұсынылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Presight AI басқарма төрағасы Томас Прамотедхамды қабылдады.