Премьер-министр жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов келесі жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету өңірлер үшін басты міндет екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Келесі жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету керек. Бұл – өңірлердің алдында тұрған негізгі міндет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жылу желілерін уақтылы жөндеу және сапалы сынақтан өткізу, сондай-ақ белгіленген мерзімдерді сақтау қажеттігіне баса назар аударылды.
«Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет.
Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ.
Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс. Жаз бойы жұмысты күшейтіңіздер», - деп атап өтті Премьер-министр.
Еске сала кетейік, елдегі электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 15 пайызға азайды.