Елордалық №100 мектепте ардагер прокурор құқықтық сабақ өтті
Астана қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында №100 мектепте құқықтық тәрбиеге бағытталған іс-шара өтті. Кездесу барысында прокуратура органдарының ардагері, кіші әділет кеңесшісі Салтанат Дүйсекенова оқушылармен буллинг және кибербуллинг тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Дөңгелек үстел «Мектептегі буллинг және кибербуллинг: кім кінәлі және не істеу керек?» тақырыбында өткізіліп, оқушыларға құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және жеке қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді. Сабақ барысында нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, буллингтің түрлері мен салдары талқыланды.

«Біз оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған құқықтық тәртіп сабағын өткіздік. Сабақ құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмысты азайтуға арналған. Қазіргі таңда буллинг – ең өзекті әрі сезімтал тақырыптардың бірі. Бүгінгі сабақты оқушылар жақсы меңгеріп, белсенді жауап берді. Олар буллинг пен кибербуллингтің мәнін, оның түрлерін түсіне алды. Біз тәлімгер әрі практик ретінде олардың қоғамда өз орнын табуына ықпал етеміз деп сенемін. Мен бірнеше мектепте осындай сабақтар өткіздім, оның ішінде осы мектепте 4 сабақ жүргіздім. Байқағаным – оқушылардың құқықтық түсінігі айтарлықтай артқан. Оқушылар тақырыпты жақсы меңгеріп, буллинг пен кибербуллингтің мәнін түсінді. Мұндай сабақтар олардың құқық бұзушылыққа бармауына ықпал етеді», – деді Салтанат Дүйсекенова.

Аталған іс-шара ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» жобасы аясында өтті. Жоба алғаш рет Алматы облысы Талғар ауданында пилоттық негізде іске асырылып, қазіргі уақытта Астана қаласының 26 мектебі мен 2 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына енгізілген.

Жоба аясында 7-10 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттеріне арналған сабақтар бекітілген кесте бойынша өткізіліп келеді. Оларды құқық қорғау органдарының ардагерлері мен тәжірибелі мамандар жүргізуде.

«Бұл бастама осы тоқсаннан бастап Астананың бірқатар мектептері мен колледждерінде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жоба аясында сабақтарды ардагер прокурорлар мен полиция қызметкерлері арнайы тәлімгер ретінде жүргізуде. Бұл – оқушыларға құқықтық білімді тәжірибемен ұштастыра отырып жеткізудің тиімді жолы. Аталған бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауқымы кеңейеді деп сенеміз. Қазіргі кезде «Заң мен тәртіп» жобасы қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Сонымен қатар бұл жоба балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг, кибербуллинг секілді құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Сабақ барысында практик мамандар нақты мысалдар келтіріп, өмірлік жағдайлар арқылы түсіндіреді. Бұл оқушыларға заң талаптарын тереңірек түсінуге, өз әрекеттерінің жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді. Осылайша, құқықтық тәрбие беру жұмыстары оқушылардың саналы, жауапты азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізеді», – деді Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев.

Айта кету керек, жоба «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және қауіпсіз білім беру ортасын нығайту.
