Үкімет резервінен жылыту маусымына 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Бүгін, 11:44
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Үкімет резервінен жылыту маусымына 25 млрд теңгеден астам  қаржы бөлінеді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Өткен аптада Роман Васильевич Скляр барлық өңірдің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары басшыларының есептерін тыңдады. Бүгінде Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
 

Премьер-министр бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуы мен жұмыс мерзімінің сақталуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды. Осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және қол жеткізілген нәтижелерді бақылауда ұстау қажет. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі туындап отыр. Егер күзде өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, онда өңір әкімдері тікелей жауап береді», - деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырғаны туралы жаздық.