Елімізде 1400-ден астам адам заңсыз алтын өндірумен айналысқан

Бүгін, 18:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 1400-ден астам адам заңсыз алтын өндірумен айналысқан
Фото: polisia.kz/видеодан скрин

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында қала құраушы кәсіпорындардың, оның ішінде алтын өндіру саласындағы нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, өткен жылдан бері еліміздің бірнеше өңірінде алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндіру фактілеріне қатысы бар 1400-ден астам адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам алтын құрамды материал тәркіленген.

Мәселен, биыл Жамбыл облысында орналасқан «Ақбақай» тау-кен байыту комбинаты аумағында алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорын аумағына заңсыз кіру әрекеті дер кезінде тоқтатылды. Нәтижесінде Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан құралған, алтын құрамды материалды ұрлау арнасын ұйымдастыруға тырысқан топ ұсталды. Тінту барысында қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары мен автокөліктер тәркіленді», делінеді хабарламада.

Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі анықталып жатыр, сондай-ақ, кәсіпорынның күзет және қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің ықтимал қатысы да тексерілуде.

Қабылданған шаралар алтынның көлеңкелі айналымын азайтуға, заңсыз кен өндірудің жолын кесуге және елдің экономикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік берген.

Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды барлық салада жалғастыратынын мәлімдеді.

Еске салсақ, Павлодар облысында заңсыз көші-қонның жасырын арнасы әшкереленді.