Елімізде денсаулық сақтау саласына ЖИ-ді енгізу тәртібі өзгерді

4 мамыр, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде денсаулық сақтау саласына ЖИ-ді енгізу тәртібі өзгерді
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдана отырып медициналық қызметтер көрсету тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Аталған міндет Мемлекет басшысының өткен жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда. Онда ЖИ технологияларын қолдану арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеудің жаңа жүйесін қалыптастыру міндеті қойылған.

Құжат денсаулық сақтау жүйесіне ЖИ енгізудің ашық, қауіпсіз және ғылыми негізделген моделін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізінде шешімдердің клиникалық және экономикалық тиімділігін міндетті түрде бағалау көзделген, бұл олардың практикалық маңыздылығы мен кейінгі ауқымда енгізу кезіндегі тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тәртіп ЖИ жүйелерін енгізу мен пайдалануға бірыңғай тәсілдерді белгілейді. Ол медициналық бұйымдарға жататын бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, клиникалық шешімдерді де, сондай-ақ басқарушылық және әкімшілік процестерде қолданылатын клиникалық емес құралдарды да қамтиды.

Сала деңгейінде алғаш рет ЖИ технологияларын енгізудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын алгоритмі айқындалды: өтінімдерді беруден және технологиялық дайындықты бағалаудан бастап пилоттық апробациядан өткізуге дейін, қажет болған жағдайда — тіркеу рәсімдерінен өту, сенімді шешімдер тізбесіне енгізу және кейіннен ауқымдау.

Құжатта шешімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейтін база қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Биоэтикалық сараптама, клиникалық валидациялау және денсаулық сақтау технологияларын бағалау тетіктері көзделген. Пилоттық жобалардың шеңберінде алгоритмдердің дәлдігі мен сезімталдығы, олардың клиникалық шешімдерге ықпалы және медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемеге әсері сияқты негізгі тиімділік көрсеткіштері бағаланатын болады.

Сондай-ақ, құжатта сенімді жасанды интеллект жүйелерінің тізбесін қалыптастыру, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін тіркеуден кейінгі мониторингтеу жүйесін енгізу мәселелері жеке қарастырылған.

Жоба ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарын күшейтуді, сондай-ақ әзірлеушілерден бастап медициналық ұйымдар мен пайдаланушыларға дейінгі барлық қатысушылардың жауапкершілігін айқындауды көздейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұйрықты бекіту теңгерімді реттеуші ортаны қалыптастыруға, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі бақыланатын түрде енгізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялауды жеделдетуге мүмкіндік береді.