Астанада экологиялық акция барысында жүздеген ағаш отырғызылды
Астанадағы А. Бөлекпаев көшесінің бойына 200 түп ағаш отырғызылды. Экологиялық акцияға қала тұрғындары ат салысты. Айтулы іс-шараға кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдері, қонақ үйлер мен бизнес саласының қызметкерлері таңмен тұрып тал екті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Елордамызда «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аясында Сарайшық ауданында 1000-ға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысумен 200 түп ағаш отырғызылды. Жалпы биыл Сарайшық ауданы бойынша 5 мыңнан аса ағаш отырғызу жоспары бар», – Сарайшық ауданының өкілі Әсемгүл Әбсадыққызы.

Шағын және орта бизнес өкілдері Астананың абаттануына үлесін қосуда.
«Астананың күн санап көркейгенін қалаймыз. Сондықтан бүгінгі сенбілікке біз де өз үлесімізді қосуға келдік. Ұжым болып жұмыла жұмыс істеуге кірістік. Қала тұрғындары іс-шарадан қалмай, қаланың ажарлануына үлес қосса, елордамыз құлпыра түсер еді. Оның үстіне ағаш отырғызудлың өзі де адамға қуаныш сыйлайды», – деп ағынан жарылды «Зебра» кофеханасының қызметкері Мақсат Қонысбек.

