Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда 1,3 мың тұрғынға көмек көрсетті

20 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда 1,3 мың тұрғынға көмек көрсетті
Фото: ДСМ

Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда күрделі операциялар жасап, консультациялар өткізді және 980-нен астам диагностикалық зерттеу жүргізді. Қазақстан медицинасы күндерінің қорытындысы 18 қыркүйекте Бішкек қаласында екі ел өкілдерінің қатысуымен өткен қорытынды форумда шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Тұрғындарды тексеру үшін заманауи диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылған жылжымалы медициналық кешендер жұмылдырылды. Қазақстандық медицина мамандарының құрамында педиатрлар, неврологтар, акушер-гинекологтар, оториноларингологтар, офтальмологтар, стоматологтар, балалар хирургтері, ультрадыбыстық зерттеу және сәулелік диагностика мамандары жұмыс істеді.

Жұмыс барысында 1 310 тұрғын тексеріліп, дәрігерлер 774 консультация өткізді және 982 диагностикалық зерттеу жүргізілді. Олардың қатарында ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, маммография, электрокардиография және рентгенологиялық зерттеулер бар. 11 жағдайда пациенттерге қосымша тексеруден өту ұсынылды.

Сонымен қатар Қазақстанның жетекші медициналық және ғылыми орталықтарының мамандары қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп күрделі операциялар жасап, клиникалық талдаулар мен мастер-кластар өткізді.

Травматологтар мен ортопедтер омыртқаның компрессиялық сынықтары бар пациенттерге бірлескен операциялар жүргізді. Бір мезгілде төрт операциялық бригада жұмыс істеді.

Онкология саласында мамандар заманауи хирургиялық тәсілдерді қолдану тәжірибесімен алмасты. Офтальмологтар балалар онкоофтальмологиясы және витреоретиналды хирургия саласындағы технологияларды таныстырды.

Бағдарламаның жеке бағыты ана мен бала денсаулығын сақтауға арналды. Қазақстандық мамандар генетикалық және хромосомалық патологиялары, туа біткен даму кемістіктері және тұқым қуалайтын аурулары бар балалар мен отбасыларға медициналық-генетикалық консультациялар өткізді.

«Біз үшін пациенттерге медициналық көмек көрсетумен қатар, практикалық білім беру және Қазақстан мен Қырғызстанның медициналық ұйымдарының арасында тікелей кәсіби байланыстарды нығайту мүмкіндігінің болғаны аса маңызды. Дәл осындай өзара іс-қимыл Қазақстан медицинасы күндері аяқталғаннан кейін де бірлескен жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Қорытынды форум барысында тараптар ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын белгіледі. Олардың қатарында мамандар алмасу, тағылымдамалар мен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өзара іс-қимылы, телемедицинаны дамыту және клиникалық тәжірибе алмасу бар.