Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сатылуына бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа шаралар азаматтарды сапасыз және тіркелмеген препараттардан қорғауға, сондай-ақ дәрілік заттардың дәріханалар, маркет плейстер, әлеуметтік желілер және басқа да алаңдар арқылы заңсыз сатылуының жолын жедел түрде кесуге бағытталған.
Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығының жобасы әзірленді. Құжатта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы қауіп дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарына өзгерістер енгізу көзделген.
Тиісті лицензиясыз дәрілік заттарды сатуға, тіркелмеген, жалған және сапасыз препараттарды өткізуге, құрамында есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілерді дәрігердің рецептісіз босатуға, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке қойылатын міндетті талаптарды сақтамауға ерекше назар аударылады.
Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган заңнамада көзделген шараларды қабылдай алады. Олардың қатарында қызметті уақытша тоқтату, жекелеген препараттарды сатуға тыйым салу немесе оларды айналымнан алып қою шаралары бар.
Сонымен қатар дәріханаларға, фармацевтикалық ұйымдарға және нарықтың басқа да қатысушыларына профилактикалық тексерулер жүргізуді жоспарлау тәсілі жетілдіріледі. Қауіп дәрежесін айқындау кезінде бұрын анықталған заңбұзушылықтар, тексеру нәтижелері, мемлекеттік органдардың мәліметтері, тергеп-тексеру қорытындылары және белгіленген талаптардың сақталуын бағалауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат ескеріледі.
Бірлескен бұйрық жобасы мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында әзірленді. Ұсынылып отырған өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін 2027 жылға арналған дәрі-дәрмектің 84 пайыздан астамы сатып алынғаны туралы жаздық.