Астаналық боксшылар Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Бүгін, 11:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық боксшылар Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Тараз қаласында ерлер мен әйелдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласының спортшылары бір алтын және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Ел біріншілігі Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде өтті. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 20 команда құрамында 369 спортшы қатысып, 20 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан чемпионатында сенсация жасаған боксшы Әділбек Қожахан: 60 келіде алғаш рет жұдырықтастым

Республикалық додада елорданың намысын 26 боксшы, оның ішінде 16 ер және 10 әйел спортшы қорғады.

Астана құрамасы сапында ең жоғары нәтижеге 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Темірлан Мұқатаев қол жеткізді. Ол финалдық жекпе-жекте Алматы қаласының өкілі Сұлтанбек Айбарұлын жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Елордалық құраманың қоржынына тағы үш қола медаль түсті. Әйелдер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Римма Волосенко үшінші орынға ие болды. Ал ерлер арасында 85 келі салмақта Тимур Нұрсейітов пен 90 келі салмақта Ілияс Жандау қола жүлдегер атанды.

Осылайша, Астана қаласының боксшылары Қазақстан чемпионатын төрт медальмен қорытындылады.

Еске сала кетейік, елордалық триатлоншы Рамазан Әйнегов жасөспірімдер Олимпиадасынан жүлдемен оралды.