БАӘ-нің ірі банкі Қазақстан нарығына келеді: жаңа қаржы институты қандай мүмкіндік береді

11 маусым, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
БАӘ-нің ірі банкі Қазақстан нарығына келеді: жаңа қаржы институты қандай мүмкіндік береді
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстанның банк секторына тағы бір халықаралық ойыншы қосылуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі саналатын Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда жаңа еншілес банк – «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ-ты іске қосу мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, банктік лицензия алу рәсімдері мен Қазақстан заңнамасындағы реттеушілік талаптар сөз болды.

Қазіргі таңда еліміздің банк секторында 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Олардың қатарында ADCB тобына кіретін «ADCB Ислам Банкі» АҚ бар. Жаңа еншілес банктің құрылуы Қазақстандағы араб капиталының қатысуын кеңейтіп, қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейте түспек.

Abu Dhabi Commercial Bank PJSC – Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші қаржы институттарының бірі. Банктің негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне тиесілі Mubadala Investment Company инвестициялық қоры. Халықаралық рейтинг агенттіктері банктің қаржылық тұрақтылығын жоғары бағалап отыр: S&P және Fitch рейтингтері бойынша банк «A+» деңгейіне ие.

2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша ADCB актив көлемі жөнінен БАӘ-дегі 56 банктің ішінде үшінші орында тұр.

Ал Қазақстанда жұмыс істеп жатқан «ADCB Ислам Банкі» АҚ актив көлемі бойынша 23 банктің арасында 21-орында болса, несие портфелі бойынша 16-орында орналасқан. 2025 жылдың қорытындысында банк 6,3 млрд теңге көлемінде пайда тапқан. Қаржы ұйымы капиталдандыру деңгейінің жоғары болуымен және барлық пруденциялық нормативтерді сақтауымен ерекшеленеді.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC компаниясына «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ еншілес банкін ашуға және банк холдингі мәртебесін алуға рұқсат берген болатын. Жаңа қаржы институты Қазақстанның Әділет органдарында 2026 жылғы 20 сәуірде ресми тіркелді.

Мамандардың пікірінше, жаңа банктің нарыққа келуі бизнес пен халыққа ұсынылатын қаржылық қызметтердің аясын кеңейтіп, халықаралық инвестициялардың келуіне оң әсер етеді.

Сонымен қатар жаңа банк Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытуға ерекше көңіл бөлмек. Бұл үшін «ислам терезесі» тетігін пайдалану жоспарланып отыр. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен азаматтар үшін баламалы қаржы құралдарына қолжетімділік арта түседі.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы маусымда «БиЭнКей коммерциялық банкі» АҚ-на банк операцияларын жүргізуге лицензия берілген еді. Бұл Қазақстанда 2010 жылдан бері берілген алғашқы банк лицензиясы болатын.