Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік аудиттен кейін 28 адам жауапқа тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін ветеринариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты бірқатар лауазымды адам мен маман тәртіптік жауапқа тартылды.
Аталған саладағы тексеру биыл тамызда өткізіліп, оның барысында түрлі бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Нәтижесінде Жоғары аудиторлық палата ҚР бюджет және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз етпеген жұмыскерлердің жауаптылығын қарауды тапсырды.
Нәтижесінде 28 жауапты адам әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
-Ауыл шаруашылығы министрлігінен – Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры, ғылыми қамтамасыз ету, ішкі сауда және микрокредиттеуді мониторингтеу басқармаларының басшылары;
-Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен – комитет төрағасының орынбасары, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және биологиялық қауіпсіздік басқармаларының басшылары, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары;
-Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінен – Комитет төрағасының орынбасары, Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекцияның бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы;
-Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан – Ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алу және сақтау департаментінің директоры, басқарушы директор – Басқарма мүшесі;
-Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан – Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, бас экономист, бас бухгалтер, майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі;
-Қазақстан қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтынан – бас ғылыми қызметкерлер, бас инженер, Семей филиалының бухгалтері;
-С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінен – Ғылым және инновациялар департаменті директорының орынбасары;
-«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан» – Кредит беру және активтерді басқару департаментінің директоры;
-«Тобыл» ӘКК: инвестициялық жобалар және индустриялық аймақты дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы;
-«Солтүстік» ӘКК және KOKSHE ӘКК жауапты қызметкерлері.
Палата жүргізілген аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы бақылауда болатынын мәлімдеді.