Әуе компаниясы Астана - Ыстықкөл бағыты бойынша рейстерді іске қосады
Қазақстандықтардың Ыстықкөлде демалуға деген жоғары сұранысқа байланысты әуекомпания биыл Астанадан да тікелей рейстерді іске қосады. Астана – Ыстықкөл (Тамшы) – Астана бағыты бойынша рейстер 2026 жылғы 3 шілдеде басталып, 31 тамызға дейін аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуе компаниясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, FlyArystan 2026 жылғы жазғы маусымдағы Алматы – Ыстықкөл (Тамшы) – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады. Осылайша әуекомпания Орталық Азиядағы ең танымал демалыс бағыттарының біріне рейстер бағдарламасын қатарынан екінші жыл ашып отыр.
Маусымдық рейстер 2026 жылғы 18 маусым мен 30 тамыз аралығында аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Бұл бағыт жолаушыларға Ыстықкөл жағалауына жылдам әрі жайлы жетуге мүмкіндік береді және жерүсті көлігімен салыстырғанда жол жүру уақытын едәуір қысқартады. Алматыдан ұшу уақыты – 16:15. Ұшу ұзақтығы бір сағаттан аз уақытты құрайды, ал бір бағыттағы билет құны 34 000 теңгеден басталады.
Ыстықкөл Қазақстан тұрғындары арасында жақын орналасуы, көркем табиғаты және дамыған туристік инфрақұрылымы арқасында жазғы демалысқа арналған ең сұранысқа ие шетелдік бағыттардың бірі болып қала береді.
Әуебилеттерін FlyArystan мобильді қосымшасы, әуекомпанияның ресми сайты және басқа да қолжетімді сату арналары арқылы сатып алуға болады.
Баға бір бағытқа арналған базалық тариф бойынша көрсетілген және сатып алу күні мен орындардың қолжетімділігіне байланысты өзгеруі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан әуе компаниясы Қазақстанға жаңа бағыт ашқаны туралы жаздық.