Астанада жүгіру фестиваліне байланысты бірқатар көшеде қозғалыс шектеледі
Астанада 9 тамыз күні жыл сайынғы Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру фестивалінің өтуіне байланысты қаладағы бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Әкімдік осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарын қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.
Сағат 07:00-ден 08:05-ке дейін Түркістан көшесімен Abu Dhabi Plaza ғимараты бағытына қарай бір жолақта көлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Сағат 07:00-ден 07:40-қа дейін Ұлы Дала даңғылы жабылады.
Сағат 07:10-нан 09:15-ке дейін Ақмешіт көшесі бойымен Экспо алаңындағы мәреге дейінгі бағытта бір жолақта көлік қозғалысы шектеледі.
«JÜREGIMNIÑ JEÑIMPAZY – Қазақстандағы ауқымды қайырымдылық жүгіру жарыстарының бірі. Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара мыңдаған қатысушыны адам өмірін сақтауға және трансплантологияны дамыту идеясының төңірегіне біріктіріп келеді. Фестиваль ағза трансплантациясын күтіп жүрген пациенттерге қолдау көрсетуге және қоғам назарын трансплантация мәселесіне аударуға бағытталған. 21 мамырдағы мәлімет бойынша, трансплантацияны күту парағында 4 739 қазақстандық тұр», - делінген хабарламада.
Биыл фестивальге қатысушылар мен қонақтардың жалпы саны шамамен 7 мың адамды құрайды. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, ағза трансплантациясынан өткен пациенттер, бизнес өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіби спортшылар, жүгіруді әуесқой деңгейде серік еткен азаматтар және елорда тұрғындары бар.
Жүгіру ресми ашылу рәсімінен кейін сағат 07:00-де басталады. Қатысушылар 10 км, 3 км және 1 км қашықтықтар бойынша бақ сынайды.
Фестиваль алаңы сағат 05:30-да «Ұлы Дала Елі» монументі маңында жұмысын бастайды.
Еске салсақ, Астанада Абай күніне орай тоғызқұмалақтан алғашқы қалалық турнир өтті.