Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» атты ақпараттық науқаны елордада да өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы «АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1988 жылдан бері жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні аталып өтеді.
«Бұл күн бүкіл әлемдегі адамдарға АИТВ-ның алдын алуда, оның берілу жолдары және профилактикалық шаралары туралы халықтың хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Биылғы науқанның ұраны «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге». Бұл тақырып Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күнінің жаһандық ауқымда қоятын міндеттерінің өсіп келе жатқан тізімін толықтырады.
Қоғам АИТВ-ны алдын алу және емдеу қызметтеріндегі, құқықтық және әлеуметтік кедергілердегі олқылықтарды жою үшін бірігуі тиіс.
АИТВ қызметтеріне қолжетімділікті жақсарту, стигма мен кемсітушілікті түпкілікті жою және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін трансформациялық шешімдер қажет», - делінген хабарламада.
Астана қаласы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы атап өткендей, елордада халықтың барлық топтарына АИТВ-ның алдын алу және емдеу қызметтеріне сапалы қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша түрлі шаралар қабылдануда. Мәселен, медициналық ұйымдарда қызмет көрсетумен қатар, халықтың негізгі топтарының өкілдері ЖИТС-сервистік үкіметтік емес ұйымдарда инвазивті емес экспресс-тесттерді қолдана отырып, АИТВ-ға тестілеуден өтіп, кеңес ала алады. Жыл сайын қала тұрғындарының 25 пайыздан астамы АИТВ-ға тексеріледі. Тестілеудің қол жетімділігі мен уақтылылығының арқасында жағдайдың 80 пайыздан астамы аурудың 1-2, ерте сатысында анықталды. Дер кезіндегі уақтылы диагностика пациенттердің Қазақстанда тегін ұсынылатын антиретровирустық терапияға қолжетімділігін арттырады.
Астанада айлық кезеңінде дәрігерлердің, азаматтық белсенділердің, білім беру ұйымдарының, ведомстволық органдардың қатысуымен АИТВ инфекциясы бойынша хабардарлықты арттыру, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеу бойынша түрлі іс-шаралар өтеді.
АИТВ-ға жедел тестілеу сияқты ірі акциялар, әсіресе, адамдар көп жиналатын орындарда, яғни сауда, ойын-сауық орталықтарында, базарларда, әуежай мен вокзалдарда өтеді. Жастарды, денсаулық орталықтарының еріктілерін тарта отырып, студенттерге арналған форумдар, пікір-таластар, флеш-мобтар, акциялар, дөңгелек үстелдер, викториналар ұйымдастырылады. Онлайн марафондар мен конкурстар, челлендж, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін аз қамтылған науқастар отбасыларына қайырымдылық акциялары өтеді.
Биылғы 10 айда 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, елордада АИТВ-ның жаңа жағдайларының үлесі 14,4 пайызға азайған. Анықталғандардың арасында 70 пайызын ерлер, 30 пайызын әйелдер құраған. Ал 60,9 пайызы 20-39 жас аралығындағыларға тиесілі болған.