Референдум-2026

Астана прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады

Бүгін, 14:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады
видеодан скрин/Бас прокуратура

Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, Әділет департаментінің өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі тақырыбы ата-аналардың балалармен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындауға қатысты сот шешімдерін орындау мәселесі болды.   

Бұған дейін сот арқылы баласымен кездесуге құқық алған ата-ана елеулі қаржылық жүктемеге тап болатын. Егер екінші ата-ана кездесуге кедергі келтірсе, жеке сот орындаушыны тартуға тура келетін. Ал жеке сот орындаушының сот шешімін мәжбүрлеп орындауы үшін көрсетілген қызметтердің ақысы өндіріп алушы мен борышкерге тең мөлшерде жүктелетін. 

«Конституциялық Сот аталған тәжірибені Конституция талаптарына сәйкес келмейді деп таныды. Конституциялық Соттың 11.06.2026 ж. № 86-НҚ нормативтік қаулысына сәйкес баланың құқықтарын қорғау және ата-ананың оны тәрбиелеу құқығы азаматтың мүліктік жағдайына тәуелді болмауға тиіс», - делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша қадағалау органының қызметкерлерімен жаңа құқықтық тетіктерге жан-жақты түсіндірме берілді. Яғни, жеке сот орындаушының қызметіне байланысты шығыстар енді тек борышкерден өндірілетін болады. Сонымен қатар, тараптар азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған іс-қимыл алгоритмдерін әзірледі.  

Жаңа ереже ата-аналар мен балалардың қайта қауышу рәсімін барынша қолжетімді әрі жедел етуге бағытталған.