8 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина күні
8 шілде – ҚР Қарулы Күштерінің әскери медицина күні. Бұл күн 1992 жылы Қарулы Күштер Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған тарихи оқиғамен байланысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның әскери медицина қызметі бүгінде Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын, оқу-жаттығуларын, жұмылдыру жиындарын және өзге де әскери іс-шараларды медициналық қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар қазақстандық әскери дәрігерлер халықаралық бітімгерлік миссиялар аясында да қызмет атқарып келеді. Атап айтқанда, Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік контингент құрамындағы әскери медицина мамандары әскери қызметшілерге және қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта әскери медицина жүйесінің құрамында сегіз әскери госпиталь, төрт лазарет, Орталық әскери-дәрігерлік комиссия, санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер және медициналық білім беру ұйымдары жұмыс істейді.

Саланы жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі жанынан ауыр жарақаттар мен сырқаттардан кейінгі оңалту бөлімшесі ашылды.
Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларындағы әскери госпитальдарды реконструкциялау мен техникалық жаңғырту жалғасуда. Семейдегі әскери госпитальға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Алматыда Әскери медицина академиясын құру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әскери-медициналық мекемелер заманауи диагностикалық және хирургиялық құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен жабдықталып келеді. Олардың қатарында компьютерлік томографтар, цифрлық рентген кешендері, ультрадыбыстық диагностика аппараттары мен эндоскопиялық жүйелер бар.
Білікті кадрлар даярлау да басты басымдықтардың бірі саналады. Әскери дәрігерлер еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен бірлесіп оқытылады. Қазір әскери-медициналық мамандықтар бойынша 130-дан астам курсант пен әскери интерн білім алып жатыр. Сондай-ақ болашақ әскери дәрігерлер шетелдік оқу орындарында да тәжірибе жинақтайды. Жыл сайын шамамен 1300 маман біліктілігін арттырып, тактикалық медицина бағдарламалары бойынша оқудан өтеді.
Жыл сайын әскери госпитальдарда мыңдаған әскери қызметші ем қабылдайды. Әскери дәрігерлер күрделі хирургиялық операциялар жасап, жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді.
«Әскери дәрігерлердің еңбегі көп жағдайда көпшілікке көріне бермегенімен, әскери қызметшілердің денсаулығы мен өмірін сақтау, сондай-ақ Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада 100-ден астам запастағы әскери міндетті оқу-жаттығуға аттанғанын жаздық.