Депутат Марат Бәшімов студенттерге азаматтардың конституциялық құқықтарын түсіндірді

16 қыркүйек, 2026
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
Депутат Марат Бәшімов студенттерге азаматтардың конституциялық құқықтарын түсіндірді
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Белсенді азамат» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жаңа конституциялық модель және қоғамдық жауапкершіліктің бөлінуі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуді «Белсенді азамат» қоғамдық қорының төрағасы Гамал Түзелбаев ашып, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мен қоғамдық белсенділіктің маңызына тоқталды.

Жиында Құрылтай депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімов конституциялық өзгерістер, азаматтардың құқықтарын қорғау және заң шығару процесінің ашықтығы туралы айтты.

Марат Бәшімов қазіргі кезде цифрлық технологиялардың дамуымен бірге азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселесі де өзекті бола түскенін атап өтті.

«Жалған дауыстар арқылы қоңырау шалу, адамның атынан әрекет ету сияқты жағдайлар көбейді. Сондықтан адамның жеке өміріне қатысты барлық ақпарат – отбасылық құпиясы, телефонында сақталған деректері, денсаулығына байланысты мәліметтері толық қорғалуы керек», - деді депутат.

Ол цифрлық құқықтармен қатар адамның денсаулығы мен қоршаған ортаның сапасына қатысты құқықтарына да тоқталды.

Спикердің пікірінше, экологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау мәселелері азаматтардың негізгі құқықтары қатарында нақты көрсетілуі қажет.

Кездесуде бір палаталы парламенттің құрылуы туралы да түсініктеме берілді. Марат Бәшімов Қазақстанның унитарлық мемлекет екенін айтып, жаңа модельде парламенттің кәсібилігіне ерекше мән берілетінін жеткізді.

«Депутаттар өз саласын жақсы білетін кәсіби мамандар болуы керек. Әрқайсысы өз бағыты бойынша заң шығару жұмысына үлес қосуы қажет», - деді ол.

Құрылтай депутаты заң жобаларын қарау барысында қоғамдық талқылау мен сарапшылардың қатысуы күшейетінін айтты. Оның сөзінше, заң жобалары бірінші оқылымнан кейін де талқыланып, екінші оқылымда журналистер, сарапшылар және қоғам өкілдері өз пікірін білдіре алады.

Сонымен қатар Марат Бәшімов қоғамдық палата, қоғамдық кеңестер және басқа да азаматтық қоғам институттарының тұрақты комитеттер жұмысына қатысу мүмкіндігіне тоқталды.

«Қоғам өкілдері заң жобаларын талқылау кезінде депутаттарға ұсыныстарын айтып, назардан тыс қалған мәселелерді көтере алады. Бұл заң шығару процесіндегі қоғамдық бақылауды күшейтеді», - деді спикер.

Ол Құрылтай жұмысының ашықтығы, заң жобалары туралы ақпаратқа қолжетімділік және азаматтардың өз пікірін білдіру мүмкіндігі туралы да айтып өтті.

Депутаттың айтуынша, азаматтар заң жобаларына қатысты ұсыныстарын тиісті қоғамдық алаңдар арқылы жолдай алады.

Сөз соңында Марат Бәшімов студенттерді қоғамдық және саяси процестерге белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу барысында студенттер спикерлерге сұрақтарын қойып, конституциялық өзгерістер, азаматтардың құқықтары және қоғамдық жауапкершілік мәселелері бойынша пікір алмасты.