Референдум-2026

515 млрд теңгенің өнімі: Алматы облысынан экспортталатын тауарлар 61 елдің нарығына шықты

515 млрд теңгенің өнімі: Алматы облысынан экспортталатын тауарлар 61 елдің нарығына шықты
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысында өндірілген өнімдер бүгінде әлемнің 61 еліне экспортталып жатыр. Соңғы үш жылда өңірдің экспорт көлемі 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жеткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда облыстағы 49 кәсіпорын шетел нарығына өнім шығарады. Экспорт географиясы да жыл сайын кеңейіп келеді. Алматы облысында өндірілген өнімдер көрші мемлекеттермен қатар Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға жөнелтіледі. Соңғы үш жылда алыс шетелге экспорт көлемі 2,1 есеге артып, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.

Өзбекстан Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Соңғы үш жылда бұл елге экспорт көлемі 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін өскен. Көрші мемлекетке негізінен ұн, сүт өнімдері және фармацевтикалық тауарлар жеткізіледі.

Өңір экспортының 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де сыртқы нарыққа шығарылады.

Экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарында ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындар бар. Ал көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап келеді.

Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Алматы облысы Қазақстанның ірі экспорттық және логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді. Бұған азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнімдерді қайта өңдеу салаларындағы өндіріс қуатының артуы ықпал етті. Сондай-ақ Қытай – Еуропа халықаралық көлік дәлізі, Үлкен Алматы айналма автожолы, заманауи логистикалық хабтар мен қоймалар кәсіпорындардың өнімді сыртқы нарықтарға жедел жеткізуіне жағдай жасап отыр. Соның нәтижесінде жаңа нарықтар игеріліп, экспорт көлемі артып келеді», – деді Айбол Рақымбаев.

Өңір кәсіпорындарының көрсеткіштері де экспорттың тұрақты өсімін айғақтайды. Мәселен, Shin-Line компаниясы өткен жылы Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне рекордтық көлемде – 15 мың тонна балмұздақ экспорттаған. Fruit Art пен LST AGRO кәсіпорындары өндірген қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. Ал RG Brands Kazakhstan шырын, сусын және шай өнімдерін экспорттау арқылы жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тауып отыр.

Бұған дейін Қазақстан экономикасының қалай өсіп жатқаны туралы Үкімет негізгі нәтижелерді жариялаған болатын.