Таразда 43 мәрте жылдамдықты асырған жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды
Таразда "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жауапкершіліктен қашып жүрген Mitsubishi Pajero автокөлігінің жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің 43 мәрте құқық бұзушылық жасағаны, олардың барлығы да жылдамдықты белгіленген нормадан асыру деректері екені белгілі болды. Ол жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде елемей, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне нақты қауіп төндірген. Құқық бұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылды.
Жалпы, жыл басынан бері "Борышкер" іс-шарасы аясында 5 353 автокөлік арнайы тұраққа жеткізілген. Полиция барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жылдамдық режимін бұзбауға шақырады. Жылдамдықты асыру — жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі себептердің бірі.