39 тоннадан астам шабдалы мен сәбіз Қытайға кері қайтарылды
Қытайдан әкелінген 39,52 тоннаны құрайтын екі бірдей жүк легінен қауіпті зиянкестер анықталып, ел аумағына кіргізілмеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, салмағы 19 тонна шабдалы партиясынан шығыс жеміс жемірі табылды. Ал салмағы 20 тонна сәбіз партиясынан алтын түсті картоп нематодасы анықталды.
Өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына сәйкес, залалданған өнімдердің барлығы жедел кері қайтарылды (ҚХР). Жүктің иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Аталған карантиндік нысандар ел аумағына кірген жағдайда азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін шығындауы мүмкін еді.
Экологиялық және азық-түлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік шекара мен фитосанитариялық бақылау бекеттеріндегі бақылау күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.