2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі

Бүгін, 17:21
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Қазақстан жерді қашықтықтан зондтауға арналған спутниктерді топтастыруды жобалаудың кезеңдерін аяқтады. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметтің бір жылдағы қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында ғарыш саласының дамуы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьер ғарыш саласындағы жерді қашықтықтан зондтауға арналған спутниктерді топтастыруды жобалаудың негізгі кезеңдерін аяқталғанын, «Союз-5/Сұңқар» зымыран тасығышын ұшыру үшін «Бәйтерек» кешенін дайындау жоспарлы режимде жалғасып жатқанын айтты.

«Байланыс және телекоммуникация саласында «Қолжетімді интернет» бағдарламасы басымдыққа ие болып отыр, оның шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетін болады. Өңірде алғаш рет Starlink және OneWeb спутниктік интернет қызметтері ресми түрде іске қосылды, Direct-to-Cell технологиясына тестілеу жүргізілді», - деп толықтырды Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін Қазақстан цифрландыру бойынша халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтқанын жаздық.