Жеңіс Қасымбек: Астана жаңа жылыту маусымына дайындалып жатыр

Бүгін, 16:32
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жеңіс Қасымбек: Астана жаңа жылыту маусымына дайындалып жатыр
Фото: facebook.com/jenis.qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қала басшысының айтуынша, Астанада жылыту маусымы орта есеппен жеті айға созылады. Сондықтан күзгі-қысқы кезеңнен тұрақты өту мақсатында биылғы сәуір айынан бастап инженерлік инфрақұрылымды жөндеу және жаңғырту жұмыстары басталған.

«Дайындық аясында мынадай жұмыс орындалып жатыр: «Астана-Теплотранзит» АҚ желісі бойынша ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жүргізіледі, «Астана-Энергия» АҚ бойынша 3 қазандыққа, турбинаға, трансформаторға, 2 су жылыту қазандығына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Сол сияқты ЖЭО-2 станциясында қосымша екі су жылыту қазандығының және үшінші Телман газ жылу станциясының (ГЖС) құрылысы басталды. Аталған ГЖС Бағыстан ауданын, сондай-ақ сол жағалаудың бір бөлігін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. Бұл қазандықтың қуаты 620 Гкал/сағ құрайды. Сонымен қатар, «Тұран» ГЖС-тен тартылатын жылу желілерінің құрылысы аяқталу кезеңіне жетті.

Осыған дейін біз «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» (бірінші кезең) газ-жылу станцияларын салып, пайдалануға бердік. Жалпы алғанда, елорданың энергетикалық инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқандықтан, жеткілікті әрі сенімді қоры қалыптасқан.

Сондай-ақ, елорданың электр желісі инфрақұрылымын дамыту жұмысы жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 67,4 шақырым болатын әуе және кабельдік желілерге, 68 тарату пунктіне, трансформаторлық қосалқы станцияларға және жинақты трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жүргіземіз.

Сонымен қатар, «Қабанбай батыр» 110/20 кВ қосалқы станциясының құрылысы басталды. Бұл жобаны іске асыру жаңа мешіт ауданы, Пригородный елді мекені және өзге де аумақтарды сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы «Арай» қосалқы станциясы, 4 тарату пункті және 2 трансформаторлық қосалқы станция пайдалануға берілді», деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Еске салсақ, Астана әкімі елордада жаңа емханалар мен жедел жәрдем станциялары ашылатыны туралы желіде жазған болатын