Жалған жарылыс хабарламалары үшін жауакершілік бар – полиция ескерту жасады
Полиция жарылыс туралы жалған хабарлама таратқандарға жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Соңғы уақытта интернет пен әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жарылыс, өрт қою және өзге де қауіптер туралы жалған ақпарат тарататын жағдайлары жиілеген.
Мысалы, Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасаған 9-сыныптың екі оқушысы ұсталды. Тергеу барысында олардың Астана қаласы мен Алматы облысында тіркелген осындай 14 дерекке қатысы бары анықталды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы 9-сынып оқушысы әлеуметтік желідегі жанжал салдарынан басқа қолданушылардың атынан Шымкент қаласы әкімдігі мен Ақтау қаласындағы сауда орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы электрондық хаттар жіберген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер қылмыс жасау кезінде анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.
«Бұл «әзіл» немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған. Барлық осындай жағдайлар мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады. Осыған байланысты барлық азаматтарға үндеу жасаймыз: тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар, жалған хабарламалар жібермеңіздер және балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіріңіздер. Егер сізге қауіп туралы хабарлама келсе, дереу полицияға хабарлаңыз», - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Әубәкіров.
Еске салсақ, полиция балалардың терезеден құлау қаупіне қатысты ата-аналарға ескерту жасаған еді.