Референдум-2026

Хайуанаттар бағындағы жолбарыс шөнжігінің атын тұрғындар таңдады

Хайуанаттар бағындағы жолбарыс шөнжігінің атын тұрғындар таңдады
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды хайуанаттар бағындағы амур жолбарысының екі шөнжігіне ат қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шөнжіктердің аты Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара барысында жарияланды. Бұған дейін хайуанаттар бағы әлеуметтік желіде байқау өткізіп, тұрғындардан 300-ден астам ұсыныс қабылдаған.

Дауыс беру нәтижесінде ұрғашы шөнжікке Киара, ал еркегіне Муфаса есімі берілді. Бұл атаулар көпшілікке «Арыстан патша» мультфильмінен таныс.

Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекованың айтуынша, байқау аясында жас домбырашылар арасында онлайн конкурс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталған. Ал жолбарыс төлінің аты арнайы комиссияның талқылауымен бекітілген.

Қазір қос шөнжіктің жағдайы жақсы. Олардың белсенділігі күн сайын артып келеді. Келушілердің де ерекше қызығушылығына ие болған.

Хайуанаттар бағының жоспарына сәйкес, алдағы уақытта жолбарыстың біреуі Қарағандыда қалдырылып, екіншісі басқа хайуанаттар бағына айырбасталуы мүмкін.

Айта кетейік, амур жолбарысы – Қызыл кітапқа енгізілген, әлемдегі ең сирек әрі ең ірі мысық тұқымдас жыртқыштың бірі. Сондықтан бұл жануардың әрбір төлі табиғатты қорғау ісіндегі маңызды оқиға саналады.

Биыл Қарағанды хайуанаттар бағында жануарлардың төлдеу көрсеткіші жоғары. Амур жолбарыстарынан бөлек, жылқы, түйе, шетленд пониі, еуропа бұғысы, камерун ешкісі және басқа да жануарлар төлдеген. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта хайуанаттар бағында тағы да жаңа төлдер болады.

Бұған дейін елімізге Ресейден әкелінген төрт амур жолбарысына ат қойылғанын жазған едік.