Түнгі іздеу операциясы: Алматы тауларында жоғалған төрт жасөспірім аман табылды
Алматы қаласының құтқарушылары түн ішінде тауда адасып, байланысқа шықпай қалған төрт жасөспірімді аман-есен тауып, ата-аналарына тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, оқиға Алматы қаласының «Бостандық» ауданындағы Проходное (Алмарасан) шатқалында болған. Түнгі уақытта ҚР ТЖМ-нің «Барыс» жедел-құтқару жасағы байланыстан ажырап қалған жасөспірімдерді іздеуге шұғыл кіріскен.
Жоғалғандар туралы хабар түскен бойда құтқарушылар іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған. Іздеу аумағын анықтауға жасөспірімдердің бірінің бұған дейін жіберген бейнежазбасы себеп болған. Байланыстың болмауына және геолокацияны анықтау мүмкін еместігіне қарамастан, құтқарушылар таулы аймақты жедел тексеріп шыққан.
Нәтижесінде төрт жасөспірім Терра алаңы маңында, тау лашығынан жоғары орналасқан аумақтан табылды. Абырой болғанда, олардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Құтқарушылар жасөспірімдерді қауіпсіз түрде тау соқпағымен төменге түсіріп, ата-аналарына тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын ескеруге, жақындарына жүретін бағыты туралы хабарлауға және байланыс құралдарының толық қуатталғанына көз жеткізуге кеңес береді.
Бұған дейін ТЖМ су айдындарында шағын кемелерге бақылауды күшейткенін жаздық.