Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға маңызды ескерту жасады
Жаз мезгілінде балалардың бос уақыты көбейген сайын жазатайым оқиғалар қаупі де артады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және өрт, судағы қауіпсіздік пен терезеден құлау қаупінің алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ведомствоның мәліметінше, осы кезеңде балалардың көшеде, су айдындарында және үйде көбірек уақыт өткізуіне байланысты жазатайым оқиғалардың қаупі артады. Сондықтан ата-аналар мен заңды өкілдер балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауы қажет.
Министрлік балалардың сіріңке мен оттықпен ойнауына жол бермеуге шақырады. Өйткені отпен абайсыз ойнау өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар терезелерді ашық қалдырмау және арнайы терезе бекіткіштерін орнату ұсынылады. ТЖМ масаға қарсы торлардың балаларды құлаудан қорғамайтынын және жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыратынын еске салды.
Суда демалу кезінде де ерекше сақтық қажет. Мамандар тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылуға және балаларды су жағасында бір сәтке де қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

ТЖМ балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін атап өтіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіпсіздікке қатысты маңызды кеңестерді еске салды.