Тоқаев: Биыл әлеуметтік салаға 19 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында адам капиталын дамыту мемлекеттің басты стратегиялық басымдығы екенін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, биыл ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау салаларына 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар қайтарылған заңсыз активтер есебінен жүздеген әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы қаржыландырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бесінші мәселе. Бұл – адам капиталын дамыту. ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы. Сондықтан біз әлеуметтік салаға бірден-бір стратегиялық бағыт ретінде қараймыз. Бүгінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі салалардың барлығына қомақты қаражат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі деген сөз. Расында, Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Осы орайда, Парламенттің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға ерекше үлес қосқанын атап өткен жөн. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы – осы қағидаттың нақты көрінісі. Аталған Заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. Соның есебінен 450 аса маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салынды», – деді Президент.