Суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік: прокуратура сақтық шараларын сақтауға шақырады
Прокурорлар ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер өткізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Олар тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратуда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы суда қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қадағалушы органның мәліметінше, азаматтарды жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы құлақтандыруға ерекше назар аударылып отыр. Мұндай орындарда құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Сондықтан төтенше жағдай туындаған кезде дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Су жағасында демалмас бұрын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Бұл ақпарат әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің ресми сайттарында орналастырылған.
«Азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін көзделген жауапкершіліктің бары да түсіндіріліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Аталған баптың санкциясында 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген», - делінген хабарламада.
Профилактикалық жұмыстар балалар арасында да жүргізілуде. Кездесулер барысында оларға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, ересектердің қарауынсыз немесе тыйым салынған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы айтылуда.
Прокуратура ата-аналарды балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға және демалыс кезінде олардың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, суға шомылу маусымы басталғалы (1 маусымнан бері) еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық ұланның мульткейіпкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіргені туралы жаздық.