Соғыс жылдарында Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды - тарихшы
9 мамыр – Жеңіс күні. Қасірет пен қуаныш астасқан мәртебелі мереке. Миллиондардың қан мен тері, арман мен тілегінің өтеуі болып келген Ұлы Жеңісті жақындатуға қазақстандықтар да орасан үлес қосқаны белгілі. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов осы туралы кей деректермен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Тарихшының айтуынша, соғыс басталысымен елден армия қатарына 1 196 164 қазақстандық шақырылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды. Әр түрлі деректерге қарағанда осы шақырылғандардың 600 мыңдайы майданнан оралған жоқ. Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды.
«Бүгінде кеңес дәуірі тарихындағы нақтылығы жоқ ең күрделі мәселе - осы Екінші дүниежүзілік соғыстағы құрбан болған, із түссіз жоғалған адамдардың дәл санының анықталмауы. Оның басты себептерінің бірі – ол 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннен кейін одақтағы халық санымен айналысатын мекемелердің жабылуы мен мамандардың қуғын көріп, тапшылыққа айналуы», - дейді ол.
Тарихшы қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдованы азат етуге қатысып, мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Еуропа халықтарын фашизмнен азат етуіне атсалысқанын айтты. Олардың ішінде майдан даласындағы ірі оқиғаларға қатысып, асқан ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымыздың жанқиярлығының өзі бір төбе.
«Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар — шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Мәметова мен 54-атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова болды.
Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Е.Есжанов, И.Сянов, Х.Қайдаусов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге Рейхстаг терезелерінің біріне алғашқылардың бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Мәденов пен Р.Қараманов Берлин Ратушасының төбесіне тікті.
Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1 500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1 500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері: Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекпаев т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болды», - деді ғалым.
Бұған қоса ол қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі туралы ұрпақ біле жүруі тиіс біраз маңызды деректерді ұсынды.
«Қазақстан соғыс жылдарында соғыс алаңындағы жауынгерлерінің ерліктерінен бөлек одақтас республикалардан басты ерекшелігі – ол майдан арсеналына айналуында. Алдымен қазақ жерінің шикізат көзіне бай екендігі ескеріліп 1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді. Жау қолында қалған Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника зауыты, Подольск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днепропетровск вагон жасау зауыты т. б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді. Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар негізінен Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Донбастан 3 200-ге жуық шахтер, 2 000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 700-дай болды. Сөйтіп, соғыс жылдарында Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. Нәтижесінде, Қазақстан тек 1942 жылдың өзінде Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді», - деді Өмірбай Жолдыбекұлы.