Қазақстандық оқушылар Финиксте өтетін жаһандық ғылыми жобалар сайысында сынға түседі
Жеті қазақстандық жас зерттеуші АҚШ-тың Аризона штатындағы Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесіне қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік додаға 60-тан астам елден ұлттық іріктеу нәтижелері бойынша таңдалған 1700-ге жуық жас ғалым өздерінің үздік ғылыми жобаларын ұсынады. Жүлде қоры – 7 млн АҚШ доллары. Жарыс 2026 жылдың 9-15 мамыры аралығында өтеді.

Қазақстан атынан Керімбай Саян, Болысбай Нұркелді, Башаров Аслан, Артықбай Арнұр, Исаков Михаил, Нұрмұханбетов Рахим, Өтетілеу Алтынай қатысады.
Керімбай Саян – Шымкент қаласындағы №8 мамандандырылған гимназияның 9-сынып оқушысы. Жобасы: «Жасанды интеллект арқылы энергия өндіру тиімділігін арттыру үшін микробтық отын элементтерін модельдеу және оңтайландыру» (Биология).
Болысбай Нұркелді, Башаров Аслан – Талдықорған қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары. Жобасы: «KazLib білім беру платформасы» (Информатика).
Артықбай Арнұр – Тараз қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Жобасы: «Машиналық оқыту көмегімен қатерлі ісіктерді автоматты диагностикалау жүйесі» (Информатика).
Исаков Михаил, Нұрмұханбетов Рахим – Алматы қаласындағы №54 Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары. Жобасы: «Neuralese» балаларға арналған нейрожүйе конструкторы (Информатика).
Өтетілеу Алтынай – Түркістан қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Жобасы: «AtmosNano — атмосфералық деректерге арналған наноспутник» (Жер және ғарыш туралы ғылым).
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет Regeneron ISEF жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының «Бакалавриат» бағыты аясында шетелде білім алу мүмкіндігі беріледі.
Енді халықаралық беделді пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқауда алтын медаль иеленген оқушылар 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, ал қола медаль алғандар 500 АЕК көлемінде мемлекеттік сыйақы алады. Сонымен бірге оларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейінгі сыйақы тағайындалады.
Айта кетейік, Regeneron ISEF – әлемдегі мектеп ғылымының жетекші алаңы. Байқауды халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды. Сондай-ақ ол жаһандық ғылыми-зерттеу жарыстарының үлгісі ретінде танылады. Қазақстан Республикасы 1999 жылдан бері бұл байқаудың ұлттық серіктесі ретінде тұрақты қатысып келеді. Биыл қатысу квотасы кеңейіп, жобалар саны 3-тен 5-ке дейін ұлғайтылды.
Бұған дейін астаналық оқушылардың Балқан математикалық олимпиадасында үздіктер қатарына енгенін жаздық.