Парламент Қазақстан Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы заң жобасын мақұлдады
Парламент «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев, ал Сенаттан – Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Серік Өтешов және Ғалиасқар Сарыбаев кірді. Комиссия төрағасы болып Марат Бәшімов сайланды.
Отырыстан Конституциялық заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарымның баяндама жасады.
Сондай-ақ, Парламент «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Парламент палаталарының заң жобасы бойынша бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Марат Бәшімов, Мұрат Ергешбаев, Снежанна Имашева және Үнзила Шапақ, ал Сенаттан – Сүйіндік Алдашев, Нұрлан Бекназаров, Мұрат Қадырбек және Советбек Медебаев кірді. Комиссия төрағасы болып Нұрлан Бекназаров сайланды.