СІМ ескертеді: Вьетнам туристерге арналған PAI жүйесін іске қосты
Вьетнам Социалистік Республикасы шетел азаматтарының елге кіру рәсімдерін жеңілдету мақсатында «Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін» (Pre-arrival Information – PAI) пилоттық режимде іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Вьетнам тарапының мәліметінше, аталған жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапар алдында қажетті ақпаратты онлайн режимде алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шекарадағы бақылаудан өту уақытын қысқартуға және әуежайдағы жолаушылар ағынын оңтайландыруға бағытталған.
PAI жүйесі қазіргі уақытта Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істейді және алдағы уақытта Вьетнамның Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу пункттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
«Бұл ретте, PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап болып емес және виза рәсімдеу функциясын атқармайды. Жүйе тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған. Вьетнам билігі шетел азаматтарына тіркелуді тек ресми портал – prearrival.immigration.gov.vn арқылы жүзеге асыруды және жалған интернет-ресурстардан сақ болуды ұсынады», делінген хабарламада.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Вьетнамда өткен күрестен жастар чемпионатында 6 медаль жеңіп алды.