Референдум бюллетеньдерінің үйлерге таратылып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды - AntiFakeCenter

Бүгін, 17:16
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Референдум бюллетеньдерінің үйлерге таратылып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды - AntiFakeCenter
Фото: Pixabay.com

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде кейбір қалаларда жаңа Конституция бойынша референдумға арналған бюллетень бланкілерін үй-үйді аралау арқылы таратып жатқаны туралы жалған ақпараттың таралуын тіркеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Орталық мәліметінше, іс жүзінде референдум бюллетенінің бланкісі белгіленген үлгідегі ресми құжат болып табылады. Онда дауыс беруге шығарылған мәселенің мәтіні және азаматтардың өз дауысын білдіруге арналған белгілер қойылатын орындар көрсетіледі. 

«Бюллетеньдер ешқашан алдын ала немесе үйлерге таратылмайды. Олар азаматтарға тек референдум күні, дауыс беру учаскелерінде жеке басын куәландыратын құжатты көрсету және қол қою арқылы беріледі. Бюллетеньді толтыру тікелей жасырын дауыс беру кабинасында жүзеге асырылады. Онда дауыс берушінің жеке басы туралы ешқандай деректер көрсетілмейді», - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, референдум қарсаңында бірқатар қалаларда азаматтарды тіркелген мекенжайы бойынша хабардар ету шаралары жүргізілуі мүмкін. Бұл - бюллетень тарату емес, тек халықты дауыс беру күні, уақыты мен орны туралы ақпарат беру. 

Бұл рәсім заңнамада нақты бекітілген. «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес учаскелік комиссиялар азаматтарды дауыс беру туралы хабардар етуге міндетті. Атап айтқанда, 23-бапта учаскелік комиссиялардың азаматтарды дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы хабардар ету өкілеттігі белгіленген, ал 26-бапта азаматтар дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда хабардар етілуге тиіс екені бекітілген.

Хабарлаудың электрондық нысандарымен қатар, учаскелік комиссиялар қағаз түріндегі ақпараттық хабарламаларды да таратады. Олар - сайлау учаскесінің мекенжайы, дауыс беру күні мен уақыты көрсетілген парақшалар немесе карточкалар. Кейбір жағдайларда мұндай хабарламаларда сайлаушының тегі, аты және әкесінің аты немесе оның мекенжайы да көрсетілуі мүмкін. Бұл тәжірибе азаматтарды ақпараттандыру тетігінің бір бөлігі болып табылады және цифрлық ақпараттық ресурстарға тұрақты қол жеткізе алмайтын халықтың жекелеген топтарын қоса алғанда, барлық азаматтардың дауыс беруді өткізу туралы ақпаратқа тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осылайша, бюллетеньдерді үй-үйге тарату туралы ақпарат – азаматтарды хабардар ету рәсімін бұрмалап түсіндірудің нәтижесі.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, таратылатын хабарламаларды тексеруге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады.